Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Западно-Казахстанская область

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ұжымы 21 желтоқсан күні 25 жылдық мерейтойларын атап өтті. Бұл күнгі мерекелік шаралар легінің шымылдығы театрдың бас режиссері Самал Әбуовтың «Театр. Тарих. Тағылым» атты кітабының тұсаукесерімен түрілді.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, жуырда ғана Елбасының Жарлығымен Құрмет грамотасымен марапатталған Самал Қадерұлының алғашқы кітабы өзі еңбек етіп жүрген киелі өнер ордасының 25 жылдық мерейтойы аясында жарық көрген болатын. Ширек ғасырлық жылнамасы бар театр тарихы, автордың отбасының шығармашылық тынысы жайлы баяндалатын салмақты еңбек өнерді бағалайтын оқырманның жоғары бағасын алғаны да жасырын емес. Тұсаукесерде алғашқы болып сөз алған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, кітапқа алғы сөз жазған Рита Сұлтанғалиева жаңа туынды – жүйелі жұмыстың нәтижесі, ұлы өнерге адалдық танытқан жанның еңбегі екенін атап өтті. Ал айтыскер ақын, жуырда өткен республикалық ақындар айтысында «Алтын домбыра» жүлдесін жеңіп алған Жансая Мусина жерлес ағасы Самал Әбуовке жүрекжарды лебізін бейнеэкран арқылы жеткізді.

«Театр. Тарих. Тағылым» атты жаңа кітаптың тұсауын салтанатты түрде кесу рәсімі автордың ұстаздары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер, кино және театр актері Мұрат Ахманов пен Қазақстанның халық әртісі, режиссер, кино және театр актрисасы Гүлнәр Жақыповаға ұсынылды. Шәкіртін жаңа еңбегінің жарық көруімен, театр ұжымын мерейтойларымен құттықтаған Мұрат Ахманов өнер – құдіретті күш екенін жеткізді. Оралда ашылған облыстық театрда алғашқы жылдарда еңбек еткен өнер иесі өзімен бірге сахнада ойнаған, бұл күнде о дүниелік болған әріптестерін еске алды. Өнердің ұлы көші, осы салаға еңбек сіңірген сондай саңлақтар жайлы сыр шертетін тың дүниенің жалғасты болуын тіледі. Жылы лебіздерді театрдың жас актрисасы Ақжан Орынбасарова әсем әнімен жалғады.

Бұдан әрі Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының 25 жылдығына арналған іс-шаралар театр ғимаратындағы мұражайдың ашылу салтанатына ұласты.

суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

 

Другие новости