Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Западно-Казахстанская область

Жеңіс пен жетістікке толы 25 жыл

Жеңіс пен жетістікке толы 25 жыл

Сахна саңлағы Хадиша Бөкееваның есімін иеленген Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ұжымы 21 желтоқсан күні ширек ғасырлық мерейтойларын атап өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов және елімізге танымал өнер иелері қатысып, керемет кештің куәсі болды.

Атап айтқанда, Ақ Жайықтағы киелі шаңырақ – қазақ драма театрының мерейтойына алыстан ат арытып келгендердің қатарында жерлестеріміз Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров пен Қ.Қуанышбаев атындағы Астана мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаев, танымал театр және кино актерлары Меруерт Өтекешова, Гүлнәр Жақыпова, Мұрат Ахманов, Хазима Нұғманова, Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры Нұрхан Қадірбаевтар болды.

Мерекелік шараға жиналған зал толы жұртшылық алдымен театрда әр жылдары еңбек еткен өнер иелері, сахналанған қойылымдар, жеткен жетістіктері мен жеңістері туралы жылнамалық шежіресінен хабардар ететін бейнефильмді тамашалады. Бұдан әрі театр ұжымы мен өнерсүйер көрерменді облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан құттықтаған Ғабидолла Абдоллаұлы: – Қазақ елі үшін Тәуелсіздік мерекесінен артық мейрам жоқ. Ал қазақ өнері мен әдебиеті үшін Мұхтар Әуезовтей тұлғаның орны бөлек. Ендеше 1993 жылы облыстық театрымыздың Тәуелсіздік күнінде жазушы-драматург Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» қойылымымен ашылуы кездейсоқтық емес. Бүгінде бұл қара шаңырақ Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваның есімін иеленіп отыр. Театр ұжымы үш жыл қатарынан халықаралық гран-при жүлдегері атанды. Осындай жетістіктеріңіз молая берсін, – деді.

Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті, театр режиссері, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры А.Маемиров ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар Асхат Максимұлы батысқазақстандық театрды ұзақ жылдар басқарып, шетелдік драматургияның қазақтілді нұсқасын жасауға үлкен үлес қосқан Құжырғали Төлеуішов пен театрдың қазіргі басшысы, өнер ұжымын үш жыл қатарынан халықаралық фестивальдерге бастап барған Қуаныш Амандықовтың еңбектерін атап өтті.  

Бұл күнгі салтанатты шара барысында қазақ театр өнерін өрістетуге үлес қосып жүрген актерлар мен театр қызметкерлері марапатталды. Айталық, Г.Шынтемір, С.Әбуов, Ә.Мәмбетова, А.Қайырова, А.Жакин, Д.Хамитов, Н.Сәдір, Ж.Әділова облыс әкімінің алғыс хатын иеленсе, С.Қажымұратов, Н.Жұбатова, Х.Шәмелова, Т.Жігеров, Ж.Құрманғалиева, А.Құсайынова, А.Жарылғапов, Е.Есендосова, Н.Сейітмағамбетов, Д.Омаровтар ҚР Мәдениет және спорт министрінің алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар театр ұжымының бір топ қызметкеріне облыстық мәдениет басқармасының алғыс хаттары, Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісі, Қадыр Мырза Әлі атындағы төсбелгі, Талантты тану орталығының «Мәдениет майталманы» төсбелгісі, «Өнер саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Мерекелік кеште жергілікті өнерпаздармен қатар театр актерлары да өз өнерлерін көрсетті.

Оралда қазақ драма театры ашылғаннан бері қызмет етіп келе жатқан талантты актер Талиғат Жігерұлы – сахнадағы барлық рөлді еркін меңгеріп кететін өнер иелерінің бірі. 2012 жылғы республикалық театрлар фестивалінде «Ең үздік эпизодтық рөл» аталымын иеленген актер осы жылдар ішінде Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіптік одағының «Құрмет белгісімен», Елбасының Жарлығымен «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, талмай еңбектенетін театр актері бұл күні ҚР Мәдениет және спорт министрінің алғыс хатын иеленді. «Маған әрбір марапат үлкен жауапкершілік жүктейді. Олардың әрқайсысы – қазақ театр өнеріне, біздің ұжымға көрсетілген құрмет деп білемін» деді Талиғат Жігерұлы.  

суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

 

Другие новости