Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Западно-Казахстанская область

Облыстық театрда мұражай ашылды

Облыстық театрда мұражай ашылды

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 25 жылдық мерейтойы аясында аталмыш өнер шаңырағында мұражай ашылды.

Желтоқсанның 21-і күні ұйымдастырылған театрдың мерейтойына жиналған қонақтар мен көрермендер қара шаңырақтың тарихи сәттерінен сыр шертетін мұражайдың ашылу салтанатына қатысты. Шарада құттықтау сөз сөйлеген Қазақстанның халық әртісі, режиссер, кино және театр актрисасы Гүлнәр Жақыпова: – Бүгін осындай кештің куәсі болғаныма қуаныштымын. Әсіресе, театрда мұражайдың ашылуы – құптарлық бастама. Бұл – үлкен тарих. Мұнда келген жас ұрпақ театрдың бүгінге дейінгі қалыптасқан жолын біліп жүреді. Театр өнеріне деген халықтың сүйіспеншілігі артта түссе, киелі сахнадағы үлкен қойылымдар көбейе түссе деген тілегіміз бар. Алыста жүрсек те, туған жердегі мәдени жаңалықтарға құлағымызды түріп жүреміз, – деді.

Келген қонақтарға театр актері Мұсағали Бектенов мұражайды таныстырды. Театр ғимаратының жоғарғы қабатында орналасқан музейде өнер ордасында әр жылдары еңбек еткен сахна саңлақтарының фотосуреттері, тарихи сәттерден сыр шертер суреттер мен мақалалар, театрдың жүлделері қойылған. Сондай-ақ облыс театрына есімі берілген Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваға арналған бұрыш жасақталыпты.

Театр өнерінің тылсым құдіретіне бойлататын тарих пен тағылымға толы мұражай бөлмесі әлі де құнды жәдігерлермен толығары сөзсіз.

суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

   

Другие новости