Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Западно-Казахстанская область

Тыңдарманын баураған «Меzzo»

Тыңдарманын баураған «Меzzo»

Шілденің 11-і күні Жастар мәдениет үйінде Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Uniserv» құрылыс компаниясының бас демеушілігімен «Меzzo» тобы  концерт өткізді. Әлемнің алты тілінде ән шырқаған өнер иелері тыңдармандар жүрегінен жол тапты.

Өнер әлеміне қанат қаққандарына бес жылдан аса уақыт өткен топтың қазақ сахнасында алар орны ерекше. Бас қаланың мерейтойында Шығыс Қазақстан облысына қарасты Риддер қаласында өткен мерекелік концертте ән шырқаған өнер иелері осы бағытпен еліміздің әр аймағына шығармашылық кеш өткізуді бастап кетіпті.

 «Меzzo» тобы – қазақстандық классикалық кроссовер стилінде (классикалық және поп музыканың қосындысы)  ән орындайтын алғашқы вокалдық топ.  2012 жылы арнайы іріктеумен құрылған топ құрамында төрт жігіт өнер көрсетеді. Әрбірінің қайталанбас өзіндік үні бар. Жасұлан Сыдықов – драмалық тенорда,  Асан Нұрбергенов – баритон, Мейірхан Жантұрғанов – тенор және Жәнібек Сейдахметов лирикалық тенорда ән салады.

– Бүгін атамекенге ат басын тіреп жатырмын. Туған жерге келіп халық алдында өнер көрсету қиын іс екен. Осындай концерттің өтуіне мұрындық  болған «Uniserv» компаниясына алғыс айтамыз. Бұған дейінгі кештерде демеушілік көрсеткен жандар жоқтың қасы. Әдемі көңіл күй сыйлаймыз деген ойдамын, – деді топ құрамындағы жерлесіміз Мейірхан Жантұрғанов.

Осындай ерекше дауыс иелерінің бір арнада тоғысуына ықпал болған топ продюсері – Әбдел Мұхтаров. Алғашқы өнер жолындағы жылдарында «Х-Factor» телебағдарламасында жүлделі орын алған жігіттер кейіннен Украинада өткен аталмыш жобада танымалдылыққа ие болды. «Жыл таңдауы – 2012» ұлттық жобасында «Жыл жаңалығы» аталымымен «Алтын адам» жүлдесіне ие болуы ұжымды өнер биігіне көтерді.

Кеш барысында алты тілде ән шырқалды. Өзіндік стилі бар топтың шет елдердің музыкасын жоғары деңгейде орындауы көпті қуантты. Зал толы көрермен жігіттердің өнеріне сүйсініп, ерекше әсермен тарқасты.

суретті түсірген  Гордей Трищенков

Другие новости