Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Западно-Казахстанская область

Облыстық федерацияда – жаңа Президент

Облыстық федерацияда – жаңа Президент

Бүгін «Нұр Отан» партиясы ғимаратының конференция залында «БҚО Қазақ күресі Федерациясының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жылдық есеп беру – сайлау конференциясы өтті.

Жиын облыстық қазақ күресі федерациясының басшысы Қаймен Есендияровтың қорытынды жылдық есеп беруімен басталды. Әрі қарай күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, қазақ күресін дамытуға деген айқын бағыттар ұсынылды. Өткен жылда аталмыш спорт түрінен үздік нәтиже көрсеткен азаматтар арнайы марапатқа ие болды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік төреші» аталымына Роман Сыдықов ие болса, «Ең үздік жаттықтырушы» номинациясы Орынтай Әбуовке бұйырды. Ал облысымыздың атын байрақты бәсекелерде шығарып жүрген жас спортшылар Ермахан Нұрланұлы пен Елдар Жұмағалиевтер «Ең үздік балуан» аталымына лайық деп танылды. Сондай-ақ төл спортымыздың дамуына  елеулі үлес қосқан Жұбанышқали Садырұлы, Хамеш Немағұлұлы, Қазболат Сағынғалиұлы, Қанат Мұхтарұлы, Әлібек Бақтыгерейұлы сынды  спорт ардагерлері мен меценаттар арнайы алғыс хатпен марапатталды.

Шара федерация құрамын жаңа лауазымдармен тағайындаумен жалғасты. Қаймен Есенаманұлының бес жыл мерзімдегі өкілеттілігінің аяқталуына байланысты комиссия шешімімен қазақ күресіне дзюда федерациясының құрметті президенті Қасым Искаков жаңа президент болып тағайындалды.  Қазақ күресінің бас хатшылығына аға жаттықтырушы Арман Келмұханов келді. Артур Шерғалиев пен Ерболат Байбатыров қазақ күрес федерациясының вице-президенттері болып сайланды. Конференция барысында атқару комитеті, ревизиялық комитет төрағасы мен мүшелері бекітілді. Сонымен қатар Төрешілер алқасының төрағасы қызметі Қайрат Берсебаевқа сеніп тапсырылды. Жылдар бойы ұлттық құндылығымыздың жоғалмай, төл спортымыздың алға ілгерілеуіне атсалысқан Қаймен Есендияров БҚО-ның қазақ күресі федерациясының Құрметті Президенті болып сайланды.

Қ.Есендияров өз сөзінде: –Ел барыстары біздің өңірімізден шығу үшін, ауыл спортын дамытуды басты назарда ұстаған жөн. Қазіргі таңда тек үш ауданда ғана күрес үйірмесі бар. Бұл көңіл көншітпейді. Қазақ күресін мейлінше дамытқанымыз абзал ,– деді.

Жаңа тағайындаулардан соң,  жиналғандар алдағы уақытта  аудан, ауылдарда қазақ күресінің бөлімдерін ашу жайлы сөз қозғады. Бұл іске меценаттар тарапынан қолдау көрсетілетін болды.

Другие новости